Каз | Рус

Іздеу  
  

 

 

Бастауыш   / Мемлекеттік аралық бақылау   / Мемлекеттік аралық бағылауды өткізу ережесі 
Мемлекеттік аралық бағылауды өткізу ережесі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 20 қарашадағы N561 бұйрығымен бекітілген. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің  2009 жылғы 30 қарашадағы № 553 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген

 

Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында

мемлекеттік аралық бақылауды ұйымдастыру және өткізу ережесі

  1. Жалпы ережелер

1. Осы Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды өткізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды (бұдан әрі - МАБ) өткізуді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін анықтайды.

2. Ереже меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарына жүреді.

3. Білім беру ұйымдарындағы МАБ-тың міндеттері:

1) білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асыру;

2) оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау;

3) білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметінің сапасына салыстырмалы талдау болып табылады.

4. МАБ-ты өткізу мерзімін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) белгілейді.

2. Орта білім беру ұйымдарында МАБ-ты өткізу

5. Орта білім беру ұйымдарында МАБ білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және бастауыш пен негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын білім алушылардың меңгеру деңгейін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

6. МАБ білім алушылар білім алып жатқан білім беру ұйымдарының базасында өткізіледі.

7. МАБ-ты дайындау және өткізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру мақсатында әрбір білім беру ұйымдарында мемлекеттік комиссиялар (МК) құрылады. МК құрамына облыстық білім басқармалары немесе аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің, ата-аналар жұртшылығының, мектеп педагогтерінің өкілдері, сондай-ақ білікті педагогтер арасынан тағайындалатын хатшы кіреді.

МАБ-ты өткізудің белгіленген тәртібінің және оның технологияларының сақталуына бақылауды жіберілген Министрліктің уәкілетті өкілдері жүзеге асырады.

8. МК-ның төрағасы болып білім беру ұйымының басшысы тағайындалады.

Мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы ережені Министрлік бекітеді.

МК-ның құрамы МАБ-ты өткізу басталғанға дейін 1 айдан кешіктірмей МАБ-ты өткізу кезеңіне облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармасы бастықтарының бұйрығымен бекітіледі.

9. МАБ Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі - ҰТО) әзірлеген технология бойынша тестілеу нысанында, сондай-ақ Министрлік бекіткен жазбаша тапсырмалар бойынша өткізіледі.

МАБ-ты өткізу технологиясын Министрлік бекітеді және Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетімен келісіледі.

10. Тапсырмаларды жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде ҰТО әзірлейді, олардың мазмұны аталған бағдарламалардың шеңберінен шықпауы керек.

11. 9 (10) сыныптарда МАБ рәсімдеріне орыс тілінде оқытатын мектептердің оқушылары үшін - қазақ тілі, қазақ тілінде оқытатын мектептердің оқушылары үшін – орыс тілі және шет тілінің біреуі міндетті түрде енгізіледі.

МАБ өткізілетін басқа да оқу пәндерінің тізбесін жыл сайын Министрлік белгілейді.

12. МАБ-ты өткізу үшін әрбір тестілеу пәніне 45 минут беріледі.

13. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны бастауыш білім беру ұйымдарында –20, негізгі орта білім беру ұйымдарында – 30.

14. МАБ-тың нәтижесі әрбір дұрыс жауап 1 балмен бағаланады.

15. МАБ-тың нәтижелері оқушылардың назарына ол аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде жеткізіледі.

16. МАБ-ты тапсыру нәтижелері бойынша оқушылардың білім жетістіктері, егер ол Министрлік белгілеген шекті деңгей жалпы тест тапсырмаларының 30 % дұрыс жауаптарына тең болған жағдайда «игерді» деген белгімен бағаланады.

17. МАБ рәсімдерінің нәтижелері бойынша 7 % білім алушылары шекті деңгейден өте алмаған орта білім беру ұйымдары кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары ағымдағы жылдың соңында кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатқан орта білім беру ұйымдарының аттестаттау қорытындылары бойынша ақпаратты Министрлікке береді.

 

 

  1. Жоғары білім беру ұйымдарында МАБ-ты өткізу

18. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында МАБ білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына (бұдан әрі - МЖМБС) кіретін жекелеген пәндерді білім алушылардың меңгеру деңгейін анықтау мақсатында екінші курсты бітіргеннен кейін (медициналықта – үшінші курсты бітіргеннен кейін) жүзеге асырылады.

19. МАБ меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары оқу орындарындағы барлық оқыту нысандары бойынша білім алушы студенттер үшін өткізіледі.

Қысқартылған оқыту мерзімін көздейтін кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша жоғары білім алу үшін жоғары оқу орындарындағы білім алушы студенттер және өнер мамандықтары бойынша білім алушы студенттер МАБ рәсімінен өтпейді.

20. Мамандықтардың тізбесін, пәндердің тізбесін, сондай-ақ МАБ пәндері бойынша тест тапсырмаларының спецификациясын Министрлік бекітеді.

21. МАБ-ты өткізу үшін мамандықтарды есепке ала отырып, үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде МЖМБС-тың міндетті компонеттерінің пәндері бойынша әзірленген тест тапсырмалары қолданылады.

22. Тест тапсырмалары Сараптама кеңесінде МЖМБС-ға сәйкестігіне сараптамадан өтеді. Сараптама кеңесі туралы ережені және оның құрамын Министрлік бекітеді.

23. Министрлік базасында МАБ өтетін жоғары оқу орындарының тізбесін (бұдан әрі – базалық жоғары оқу орны) белгілейді, ол білім беру ұйымдарының назарына МАБ-ты өткізгенге дейін кемінде бір ай бұрын жеткізіледі.

24. Жергілікті жерлерде МАБ-ты ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік комиссия жүзеге асырады.

Әрбір базалық жоғары оқу орнында апелляциялық комиссия құрылады.

Мемлекеттік және апелляциялық коммисиялардың жұмысы туралы ережелерді, мемлекеттік комиссияның құрамы мен апелляциялық комиссиялардың төрағаларын Министрлік бекітеді.

25. МАБ Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетімен келісілген және Министрлік бекіткен, БТМСҰО әзірлеген технология бойынша кешенді тестілеу (бұдан әрі - тестілеу) нысанында 5 пән бойынша өткізіледі.

Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25, 5 пән бойынша тест тапсырмаларын орындауға 180 минут бөлінеді.

МАБ-тың нәтижелері әрбір дұрыс жауап 1 балмен бағаланады.

26. Тестілеу қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізіледі.

27. Тестілеудің нәтижелері тестілеуге қатысқан студенттердің назарына ол аяқталғаннан кейінгі 24 сағат ішінде жеткізіледі.

28.Тестілеу нәтижелерімен келіспеген студент апелляцияға өтініш бере алады.

Апелляцияға өтініш тестілеудің қорытындысы хабарланғаннан кейін апелляциялық комиссияға келесі күнгі сағат 13-ке дейін беріледі. Өтінішті апелляциялық комиссия апелляция бергеннен кейін бір тәулік ішінде қарайды.

29. Тестілеу нәтижелері бойынша егер медициналық мамандықтар бойынша шекті деңгей жалпы тест тапсырмаларының 60 % дұрыс жауаптарына, барлық қалған мамандықтар бойынша 40 % -ға тең балл жинаған студенттер сынақтан өтеді.

МАБ қорытындысы бойынша мемлекеттік комиссия есеп жазады, 10 күнтізбелік күн ішінде Министрлікке ұсынады. Есепке топтар бойынша емтихандық тізімдеме қоса тіркеледі.

30. Білім беру ұйымы білім алушылардың тізімдік құрамының кемінде 70 %-ының қатысуын қамтамасыз етуі керек.

31. Студент тестілеуге келмеген жағдайда оның емтихандық тізімдемесіне «келген жоқ» деген белгі қойылады.

32. МАБ-тың негізгі рәсімдерінің нәтижелері бойынша 7 % білім алушылары 25 % және одан да көп мамандықтар бойынша шекті деңгейден өте алмаған білім беру ұйымдары кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.


  

Байланыс ақпараты:
010000, Астана қаласы, Есіл өзенінің  сол жағалауы, N35 көше, N8  үй (Министрліктер үйі)