14.02.2009 2009 жылдың 3-5 ақпанында кестеге сәйкес Минск қаласында ТМД мүше-мемлекеттерінің білім саласындағы сарапшылар тобының мәжілісі болып өтті.
Мәжіліске Қазақстан Республикасынан Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті — Такир Оспанұлы Балықбаев қатысты. Мәжіліс «Жоғары мектеп республикалық институты» мемлекеттік жоғары мектеп білім мекемесінің нормативтік-әдістемелік орталығының директоры И.В. Титовичтің төрағалық етуімен өтті. Жұмыс тобы күн тәртібіне енгізілген 3 маңызды мәселені қарастырды. Оның ішінде: ТМД мүше-мемлекеттерінің жоғары кәсіптік білім туралы құжаттарды өзара тану туралы Келісім; ТМД мүше-мемлекеттерінің жалпы орта білімін стандарттау саласындағы жұмыстарды сәйкестендіру туралы Келісім; жалпы білім кеңістігін әрі қарай дамытудың және 2010 жылдар аралығындағы ТМД мүше-мемлекеттерінің білім саласындағы ынтымақтастығы туралы шаралардың Жоспары. Мәселелерді талқылау барысында жалпы білім кеңістігін әрі қарай дамытудың және 2010 жылдар аралығындағы ТМД мүше-мемлекеттерінің білім саласындағы ынтымақтастығы туралы шаралар Жоспарының жобасы келісіліп, Достас өкімет-басшылары Кеңесінің мәжілісінде қарауға енгізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, мәжілісте Тараптардың пікірі ескеріле отырып, ТМД мүше-мемлекеттерінің жоғары кәсіптік білім туралы құжаттарды өзара тану туралы; ТМД мүше-мемлекеттерінің жалпы орта білімін стандарттау саласындағы жұмыстарды сәйкестендіру туралы Келісімдердің жобасы мақұлданды. Жалпы мәжіліске қатысушылар ТМД мүше-мемлекеттерінің білім саласындағы ынтымақтастығын әрі қарай дамыту қажеттігі туралы шаралардың растығын мойындайтын келісімшартқа қол жеткізді.
|