Баптар

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті туралы ереже

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі Жауапты хатшысының
2011 жылғы « 27 » қазандағы
№ 289-к бұйрығымен
бекітілген

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің
Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті»
Мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік)  құзыреті шегінде білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функцияларды, сондай-ақ оның құзыретіне қатысты саладағы бақылау және реттеуші функцияларды жүзеге асыратын ведомство болып табылады. Осы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы  № 1111 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі туралы ережеге  және «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 22 қазандағы қаулысына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 шілдедегі № 778 қаулысына сәйкес әзірленген.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Министрдің және министрліктің Жауапты хатшысының бұйрықтарына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитеттің және оның аумақтық  органдарының құрылымы мен штаттық сандарын Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген тәртіпке сәйкес Министрліктің Жауапты хатшысы бекітеді.
4. Комитет 7 басқармадан тұрады және 14 облыста, Астана және Алматы қалаларында аумақтық органдары бар:
Басшылық – 4 бірлік;
1) Әкімшілік және құқықтық жұмыс басқармасы – 9 бірлік;
2) Білім беру қызметін лицензиялау басқармасы – 5 бірлік;
3) Ғылыми кадрларды даярлау сапасын бағалау басқармасы – 6 бірлік;
4) Сыртқы бағалау басқармасы – 5 бірлік;
5) Мониторинг және талдамалық жұмыс басқармасы – 5 бірлік;
6) Білім саласындағы бақылау басқармасы – 11 бірлік;
7) Аумақтық органдардың қызметін үйлестіру басқармасы – 5 бірлік.
5. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде шоты болады.
6. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан қатысады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитетке уәкілеттілік берілген жағдайда, оның азаматтық-құқықтық қатынастарға мемлекет тарапынан шығуға құқығы бар.
7. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұйрықтар мен қаулылар түрінде құқықтық актілер шығарады (мемлекеттік аттестаттаудың және білім беру ұйымдарын тексеру нәтижелері бойынша заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолдану туралы).
8. Комитеттің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы,  Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, 11-кіреберіс.
9. Заңды тұлғаның толық атауы:
мемлекеттік тілде: «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті» Мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: Государственное учреждение «Комитет по контролю в сфере образования и науки Министерства образования и науки Республики Казхастан».
10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитеттің облыстарда, Астана және Алматы қалаларында аумақтық органдары бар.
11. Комитетке өзінің фукциялары болып табылатын міндеттерді орындау үшін кәсіпкерлік субъектілермен шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен түскен кірістер республикалық бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

12. Міндеті: Қазақстан Республикасы заңнамаларымен білім және ғылым саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылау бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырады
Міндеттері:
1) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамаларының және білім саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылау жүргізуді жүзеге асырады;
2) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын  іске асыратын білім беру ұйымдарын (медициналық және фармацевтикалық білімнен басқа), сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізеді;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеуден өткізеді;
4) бақылау және тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қатысты білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған баптарға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырып, істерді қозғайды және  қарайды, сот процестеріне қатысады;
5) білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны және (немесе) қосымшаларды:
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға;
білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғаларға;
рухани білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға (діни оқу орындары) береді;
6) білім және ғылым саласындағы мемлекеттік бақылау саласында нормативтік құқықтық актілерді дайындайды;
7) Комитетпен әзірленген Министрліктің нормативтік құқықтық актілерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жібереді;
8) кезеңмен басылымда шығарылып, Комитетпен әзірленген нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялауды қамтамасыз етеді
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау және өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды дер кезінде қабылдау үшін Комитет әзірленген және (немесе) іске асыратын заңға тәуелді актілерге қатысты тұрақты негізде мониторинг жүргізеді және әр тоқсанның соңғы айының бірінші күніне дейін жүргізілген мониторинг туралы ақпаратты Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу департаментіне ұсынады.

13. Міндеті: сыртқы бағалау әдістемесімен мемлекеттік бақылау және білім беру қызметін беру сапасын көтеру.
Функциялары:
1) бірыңғай ұлттық тестілеуді ұйымдастырады және өткізеді;
2) білім беру сапасын сырттай бағалау әдісімен білім беру мониторингін жүргізеді.

14. Міндеті: ғылыми кадрларды даярлау сапасын жоғарылату және мемлекеттік бақылау.
Функциялары:
1) PhD докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестерді құрады және олардың қызметін ұйымдастырады, диссертациялық кеңестердің төрағаларын бекітеді;
2)  ғылым кандидаты мен ғылым докторы,  философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін береді;
3) ғылыми дәрежелер мен атақтарды беруге арналған аттестациялық істерді қарастыру жөніндегі сараптау кеңестерін құрады және қызметін ұйымдастырады;
4) мемлекеттің атынан ғылым кандидаты және докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дипломдарын, доцент, қауымдастырылған профессор (доцент), профессор аттестаттарын береді;
5) философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор диссертацияларының негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынылған ғылыми басылымдар тізбесіне енетін журналдарға қойылатын талаптарды бекітеді.

15. Міндеті: білім сапасын бақылау жөніндегі бірыңғай орталықтандырылған жүйені құру.
Функциялары:
1) мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысты Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы заңнамалары мен нормативтік құқықтық актілерінің орындалуы бойынша Комитеттің аумақтық органдарымен қарым-қатынасы;
2) Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы мемлекеттік бақылау міндеттерін қамтамасыз ету заңнамаларының орындалуы бойынша аумақтық органдардың қызметтерін үйлестіру;
3) Комитет құзырына кіретін мемлекеттік және мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша орталық және жергілікті  атқарушы органдармен қарым-қатынас.
4) Комитет қызметінің бағыттары бойынша аумақтық органдарға әдістемелік көмек көрсету.

16. Міндеті: білім туралы құжаттарды заңдастыру.
Функциялары:
1) Қазақстан Республикасының білім, ғылым органдары мен оқу орындарынан шыққан ресми құжаттарға апостиль қояды;
2) білім туралы құжаттарды нострификациялау рәсімін өткізеді.

17. Өз функциялары мен міндеттерін іске асыру мақсатында өз құзыреті шегінде Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
1) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларын  жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
2) аумақтық органдар қызметтерінің нәтижелерін талдау және мониторинг жүргізу негізінде білім беру стандарттары мен мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
3) мемлекеттік органдардан, басқа да ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан, сондай-ақ Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарынан қажетті ақпарат, құжаттар мен мәліметтер сұратуға және алуға;
4) нормативтік құқықтық актілердің жобасын дайындау, сондай-ақ Комитеттің өзіне жүктелген функцияларына сәйкес жүргізетін іс-шараларын әзірлеу мен жүзеге асыру үшін Министрлік басшылығының келісімімен өзге бөлімшелер мен водомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін тартуға;
5) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсініктемелер беруге құқылы.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

18. Комитет Қазақстан Республикасының Президентінің актілеріне, өзге де білім және ғылым саласындағы бақылауды ұйымдастыру сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық және заңнамалық актілерге сәйкес негізгі міндеттері мен қызметтерін жүзеге асыру үшін өкілеттігіне ие.
19. Комитетті Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімімен Министр лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын төраға басқарады.
20. Министрліктің Жауапты хатшысымен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен немесе оның тапсырмасымен Премьер-Министр кеңсесінің басшысымен келісілген Комитет төрағасының ұсынысы бойынша Министр лауазымға тағайындайтын және босататын орынбасарлары болады.
21. Комитет төрағасы болмаған кезде, оның міндеттері оның орынбасарларының біреуіне жүктеледі.
22. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке және оның аумақтық органдарына жүктелген міндеттердің орындалуына дербес жауап береді.
23. Комитет төрағасы Комитеттің және аумақтық органдардың құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныс енгізеді.
24. Минситрдің, Жауапты хатшының келісімінен  кейін Комитет төрағасы аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
25. Осы мақсатта Комитет төрағасы:
1) өз орынбасарларының және аумақтық органдары басшылары мен олардың орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;
2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларына тәртіптік жаза қолданады;
5) заңнамада белгіленген тәртіпте Комитет қызметкерлерін көтермелейді, сондай-ақ оларға тәртіптік жазалар қолданады;
6) аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларын іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру мәселелерін шешеді;
7) аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларына материалдық көмек көрсету, үстемеақы төлеу және сыйақы беру мәселелерін шешеді;
8) Комитет құзыретіне қатысты сұрақтар бойынша бұйрықтар шығарады және оның Комитеттің барлық қызметкерлері орындауы үшін міндетті тапсырмалар береді;  
9) Комитеттің бұйрықтары мен қаулыларын шығарады;
10) Комитеттің және оның аумақтық органдарының құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
11) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;
12) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жұмысына басшылық жасайды, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жұмыстарының жай-күйіне дербес жауапты болады;
13) бақылау және тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған баптарға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы әкімшілік жаза қолданады.

14) Қазақстан Республикасы Президентінің заңдары мен актілеріне сәйкес басқа да міндеттерін жүзеге асырады.
26. Комитет төрағасының орынбасары:
1) өз құзыреті шегінде Комиттеттің құрылымдық бөлімшесінің қызметін үйлестіреді;
2) Комитет төрағасы болмаған кезде, Комитеттің жұмысын ұйымдастыру және оған басшылық жасау, Комитетке және оның аумақтық органдарына жүктелген міндеттердің орындалуына дербес жауап беру бір орынбасарға жүктеледі;.
3) Комитет төрағасының жүктеуімен басқа да міндеттерді жүзеге асырады.
27. Комитет атынан басқа мемлекеттік органдарға Комитет құзырына кіретін сұрақтар бойынша жіберілетін құжаттарға Комитет төрағасы, ол жоқ болған жағдайда оның орнын ауыстырушы тұлға қол қояды, егер де Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде қарастырылмаса.

4. Комитеттің мүлкі

28. Комитеттің оқшауланған мүлікті жедел басқаруға құқығы бар.
Комитеттің мүлкі мемлекет берген активтердің есебінен қалыптасады және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ Комитет балансында құны көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.
29. Комитетке бекітілген мүлікт республикалық меншікке жатады.
30. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше иеліктен алуға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке иелік ету құқығы берілуі мүмкін.  

5. Комитет қызметкерлерінің жауапкершілігі

31. Комитет төрағасы, төрағаның орынбасарлары, Комитеттің басқарма бастықтары мен қызметкерлері, сондай-ақ комитеттің аумақтық органдарының басшылары, орынбасарлары және қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы Ережеде, Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің және оның аумақтық органдарының ережелерінде,  сондай-ақ қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарында көрсетілген міндеттердің уақытылы және сапалы орындалуына жауапты болады.

6. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

32. Комитетті және оның аумақтық органдарын қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.