Kaz | Rus

Бастауыш
Білім беру және ғылым ұйымдарын аттестаттау
Білім беру және ғылым ұйымдарын аккредиттеу
Ұлттық бірыңғай тестілеу
Білім беру ұйымдарын лицензиялау
Мемлекеттік аралық бақылау
Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды аттестаттау
Бiлiм туралы құжаттарды тану және нострификациялау
 
Жаңалықтар
Сұрақтар мен жауаптар
Байланысу
Статистика сайта
           
www.akorda.kz"
www.government.kz
www.e.gov.kz


Жаңалықтар 
Интервью председателя Комитета Б. Абдрасилова газете "Айкын"

Болатбек  ӘБДІРӘСІЛОВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы:  

 

КЕЛЕСІ ЖЫЛДАН БАСТАП ӨЗ ЕРКІМЕН ІЗДЕНУШІЛЕРДІҢ ҒЫЛЫМИ ТАҚЫРЫПТАРЫН БЕКІТУДІ ТОҚТАТАМЫЗ

— Ғылыми атақтар мен дәрежелер беру жүйесін біртіндеп өзгерткелі жатқан көрінесіздер. Осыған орай қандай құжат негізге алынады? Бұдан елдің ғылымына қандай пайда келмек?
— Алдымен Қазақстанның 2010 жылға дейінгі ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау мен аттестаттау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын жасап шықтық. Бұл үшін республикада белгілі ғалымдарды қатыстырып, үлкен жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы осы мәселемен екі жыл бойы айналысты. Қазіргі қолданыстағы жүйенің жұмысына талдау жасалып, жетістіктері мен кемшіліктері түгел сараланды. Шындығына келгенде, көптеген салалар бойынша шет елдерден қалып қойдық.   Жұмыс тобының мүшелері осыған орай бірқатар ұсыныстар айтты. Бұл құжаттың ең негізгі мәселесі - дамыған елдерде қалыптасқан кадрларды дайындау жүйесіне көшудің жайы. Осыған орай, PhD докторлық бағдарламасы бойынша ғылым кадрларын дайындауымыз керек. Яғни осы заманғы жаңа әдістемелерді меңгерген ғалым дайындауға баса назар аударылады. Сондықтан оның шет тілін білуі жоғары деңгейде болуы шарт. Сол арқылы ол өзінің зерттеу жұмысының қай бағытта, қай кезеңде келе жатқанын біліп отырады. Тұжырымдама ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын дайындаудың қазіргі жүйесінен жаңа жүйеге бірте-бірте көшуге негізделген. Бүгінгі ізденушілер үшін ғылыми зерттеудің нәтижесінен гөрі диссертация қорғау басты мақсат саналып отыр. Әрине, ғылыми жұмыс орындалады. Бірақ оның негізгі нәтижесі  кандидаттық немесе докторлық диссертацияның өзі болып қана қалып отыр. Бұл ізденушінің де, ғылыми жетекшінің де көп уақытын алады. Формалды нәрселер де баршылық. Осы мәселелер ТМД елдерінің ғалымдарын да толғандырып отыр. Ендеше, бізге де Президент жолдауында айтылғандай, Қазақстанды дамыған елу елдің қатарына қосудың талаптарын орындауды қамтамасыз ететін, инновациялық тұрғыдан ойлайтын ғалымдар қажет болып тұр. Мұндай стратегиялық мәселелерді шешуге осы заманғы ғылым, білім беру жүйесіне жаңа технологияларды пайдалану арқылы ғана қол жеткізуге болады.
    Тұжырымдаманы белгілі ғалымдарды, дисертациялық кеңестердің басшылары мен мүшелерін жинап, Қазақстанның алты өңірінде талқылаудан өткіздік. Құжат бірауыздан қолдау тапты. Содан соң бұл тұжырымдаманы министрліктің алқасында қабылдадық.
— Ал сонда бұрынғы ереже бойынша қорғайтындар қай кезге дейін мүмкіндік алады? Сіздер көрсеткен белгілі бір мерзімге үлгереміз деп, жаппай ғылыми еңбек жазып, кезекке таласушылардың майданы басталып кетпей ме?
— Тұжырымдамада талқыға түскен мәселенің бірі осы. Құжатта мұның барлық жолдары көрсетілді. Қазіргі кандидаттар мен докторлардың ғылыми дәрежелері сақталады. Және де бұл дәрежелер мен атақтар қашанда мәртебелі болып қалады. Мәселен, ректор болу үшін, ғылыми-зерттеу институтының директоры болу үшін ғылым докторы дәрежесін иелену шарт. Профессор болу үшін доктор болу керек, доцент болу үшін кандидат болу керек. Олар ары қарай жұмысты жалғастыра береді. Жаңа жүйемен дайындалған PhD докторларының да өз орны болады. Ғалым болам деген әріптестеріміз үшін 2010 жылға дейін бұрынғы қалыптасқан жүйені сақтаймыз. Осы жылға дейін доктор болам дегендер докторлығын, кандидат болам дегендер кандидаттығын қорғайды. Биыл соңғы рет қазіргі жүйе бойынша докторанттар мен аспиранттарды қабылдадық. Оларға диссертациялық жұмысын рәсімдеу үшін мүмкіндік беріп отырмыз. Егер 2010 жылға дейін қорғап үлгермесе, жаңа жүйемен қорғайды. Ал ізденушілердің тақырыптарын тек  2006 жылдың аяғына дейін ғана бекітуге мүмкіндік береміз. Келесі жылдан бастап өз еркімен ізденушілердің ғылыми тақырыптарын бекітуді тоқтатамыз деп отырмыз. Биыл тақырып бекітіп алғандар әрі қарай жұмыс жүргізе береді. Ғылым саласында жұмыс істемейтіндердің қорғауы тоқтайды. Ғылыммен тек осы салада жұмыс істеп отырған азаматтар ғана айналысуы керек. Бұл мәселені мемлекет басшысы да атап өтті. Қазіргі ғылыми еңбек қорғап жатқандардың 19 пайызы ғылымнан басқа салада жұмыс істейтіндер. Ал ғылыми атақ қорғаған мемлекетік қызметкерлер шамамен 5 пайызды құрайды.
— Бәрібір ғылыми еңбек қорғағандардың саны халықтың жалпы санымен салыстырғанда көп емес дейді ғой...
— Ол рас. Қазақстанда 1993 жылы 75 докторлық, 558 кандидаттық диссертация қорғалды. Ал 2005 жылы 260 докторлық, 848 кандидаттық диссертация қорғалды. Оның есесіне профессор, доцент ғылыми атақтары көптеп беріліп жатқан жоқ. Мысалы, профессор атағы 1993 жылы 93 адамға, 1999 жылы 68 адамға, 2005 жылы 91 адамға берілді. Ал доцент атағы 1993 жылы 660 адамға, 1999 жылы 162 адамға, 2004 жылы 414 адамға берілді. Жыл сайын өсіп барады деуге келмейді. Доцент атағын иеленбеген кісі ғылым докторы болса да профессор атағын ала алмайды. Бәрібір ғылым кандидаттары мен докторлары көбейіп кетті деп қанша жерден жар салғанымызбен көрші мемлекеттермен салыстырған кезде біздің бұл көрсеткіштер соншалықты көтеріңкі емес. Мысалы, ғылыми дәреже иелену жағынан Ресейден, Украинадан асып кете қойған жоқпыз.  Мемлекеттік тілде қорғалған диссертациялардың үлес салмағы жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 1997 жылы қорғалған 892 ғылыми еңбектің 35-і, яғни, 4 пайызы ғана қазақша болса, 2005 жылы 1108 диссертацияның 207-сі, яғни 18,68 пайызы мемлекеттік тілде қорғалды.
— Сол көрші елдердің ішінде біз секілді ғылыми атақ беру жүйесін өзгертіп жатқандары бар ма? Әлде оларға біз үлгі болып отырмыз ба?
— Балтық жағалауындағы елдер тоқсаныншы жылдары бұл жүйеге бірден көшіп кетті. Молдавия да солардың жолын ұстанды. Олар содан бері үш сатылы жүйені қолданады. Бакалавриат, магистратура және докторантура. 1999 жылы Болонияда қабылданған Еуропа мемлекеттері декларациясына сәйкес біртіндеп ғылыми атақтар мен дәрежелерді бір ізге түсіру көзделіп отыр. Әр елдің құрылымына сәйкес бұл саладағы тәртіптер де әртүрлі. Декларацияға қол қоятын елдер сол ережелерді біркелкі етуге уағдаласады.
— Басқа елдердегі Жоғары Аттестациялық Комитеттердің басшыларымен хабарласып, пікір алысып тұрасыз ба? Мұндайда не мәселені қозғайсыздар?
— Әрине,  сөйлесіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Ресей де өз жүйесін өзгертуді қалайды.  Жалпы, ол елдегі ғылыми атақ беру мәселелерінің шиеленіскен түйткілдерін бұрынғы жүйе шеше алмайды. Олар өздері де бұл мәселені қайта-қайта айтып жүр. Барлық ғылыми еңбектер ЖАК қойған талаптарға негізделіп қана жазылады. Бірақ пәлендей ғылыми нәтиже бола бермейді. Расында да бұрынғы ғылыми атақтар беру жүйесі мемлекеттің дамуына, зиялылардың қалыптасуына, білім мен ғылымды алға жылжытуға үлкен үлес қосты. Соның арқасында ғалымдарымыздың қатары көбейді. Енді мұнымен тоқталып қалмауымыз керек. Қазір инновациялық экономикаға, білімге негізделген қоғам орнатуға күш салып жатырмыз. Сондай талапқа сай болу үшін біз жаңа буын ғылым өкілдерін дайындауымыз керек. Ол ғылымда игерген тәжірибесін жұртқа танытатындай, өзге мемлекеттердің ғалымдарымен еркін-еркін қарым-қатынас жасай алатындай болуы керек. Сонда ғана бір-бірінен үйренеді. Қоғамды осындай ғалымдар ғана алға жетелейді. Міне, осындай мәселелер жөнінде пікір алысамыз.
    Ал біздің көрші Орталық Азия мемлекеттері әзірге бұрынғы тәртіп  бойынша ғылым кадрларын дайындап жатыр. Бірақ олар да бізге қарап бой түзейтін түрі бар. Жақында Астанада өткен Еуразия экономикалық қауымдастығының білім беру туралы құжаттарды тану жөніндегі кеңесінің мәжілісінде біздің бағытымыз қолдау тапты. Шынын айтсақ, кей тұста Ресейдің өзі де бізге қарап бейімделеді. Оларға да үлгі болатын істеріміз бар. Мен биылғы маусым айында Санкт-Петербургте өткен Парламентаралық ассамблеяда біздің елдегі білім мен ғылым саласындағы жаңалықтар жөнінде хабарлама жасадым. Ресей ғалымдары Қазақстан ғылымындағы ұмтылыстарды жоғары бағалап отыр.
— Сіз басқаратын комитет оқу орындарының жұмысын қадағалаумен де айналысады. Бұл саладағы міндеттеріміз өркениетті елдердің тәжірибесіне қаншалықты жақындайды? Өркениетке көп ұмтыламыз деп өз дәстүрлеріміздің жақсысынан жеріп кетіп жүрмейміз бе?
— Жақсы үлгіні үйренген дұрыс. Бірақ шешімді қабылдамас бұрын мәселені жан-жақты талдап, безбендеп көрген жөн болар. Вашингтонда өткен жоғары оқу орындарын аккредитациялау  жөніндегі кеңестің мәжілісіне қатыстым. АҚШ-та оқу орындарын тіркеумен және бағалау мәселесімен айналысатын мекемелердің бәрі сол құрылымға қарайды. Бұл — дүние жүзіне белгілі ұйым. Біз де жоғары оқу орындарына баға беретін құрылым құрсақ па деп отырмыз. Осыған орай көптеген елдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз — сол жүйе арқылы білім сапасын, жоғары оқу орындарының деңгейін көтеру. Бәрібір өркениет көшіне ілеспесек болмайды. Қазір тек алға жылжу керек.
Сонда олардан не үйренуге болады екен өзі?
— Олардан жоғары оқу орындарының жұмысын тексеру технологиясын үйренуге болады. Біз қазіргі аттестациялық технология бойынша жоғары оқу орнының бүгінгі жағдайын зерттейміз. «Жоғары оқу орындары мемлекеттік стандарттарды орындай ма, орындаса, қалай орындайды?». Бізді осы сауал толғандырады. Ал олардың технологиясы басқаша. Жоғары оқу орнының стратегиялық жоспарына көбірек мән беріледі. Осыған сай стратегиялық жоспарлау әдістемесі бар. Олардың тағы бір ерекшелігі, тексеру кезінде жоғары оқу орындары бұрын қалай жұмыс істегеніне ден қойылады. Сосын қазіргі қызметі сараланады. Қандай мақсаттар қойып отырғанына, сол мақсаттарға қандай жолмен жету көзделіп отырғанына назар аударылады. Олар оқу орындарының белгілі бір мерзім аралығындағы деңгейін қарастырады. Шетелдіктер баланың білімін анықтауға басқаша тұрғыдан келеді. Біз тест арқылы тексереміз. Ал оларда ең негізгі бағаны жұмыс берушілер айқындайды. Мәселен, біз кадрларды дайындаймыз. Олар фирмаларға, мекемелерге қызметке барады. Кадрлар қазіргі талаптарға сай ма, сай емес пе, солар анықтайды ғой. Сол себепті оқу орнын бағалау кезінде шетелдік әріптестеріміз жұмыс берушілердің пікірлеріне көбірек сүйенеді. Мұның өзін технологияның бір түрі деп қарауға болады. Жоғары оқу орындарының рейтингі де оның түлектерінің қай жерге қызметке баратындығымен өлшенбек. Олардың бұрыннан қалыптасқан тәжірибесі бар. Қоғамның берген бағасына сүйене отырып, аккредитация жасайды. Біз де қазір өзіміздің технологияларымызды осыған сәйкестендірсек деп отырмыз. Сол себептен біз жақында үкіметке білім туралы жаңа заңның жобасын енгіздік.
— Ғылым докторлары жылдан-жылға жасарып барады... Ерте қорғап, жарқ етіп шығып жатқандар өте  талантты жастар ма? Әлде бұл қоғамның жақсарып, тоталитарлық жүйеден құтылғанымыздың көрінісі ме?
—  Бәрібір жас ғалымдардың саны өте аз. Міне, біздің мекеменің Астанаға көшкеніне екінші жыл. Осы уақыт ішінде отызға жетпей докторлық диссертация қорғаған ізденуші бір-екеу-ақ. Жалпы, жасы отызға жетер-жетпесте докторлық диссертация қорғағандарды қолдауымыз керек. Ол атақты ертерек алып алғаннан кейін өзінің білімі мен күш-жігерін ғылымды дамытуға жұмсайды. Енді атақ алуға ұмтылмайды, ғылымға қызмет жасайды. Жаңаша ізденуге, жаңалық ашуға мүмкіндік алады. Жаңа жүйенің идеологиясы жастардың ертерек қорғап алып, саналы ғұмырын жаңа идеяларды өмірге әкелуге жұмсауға, жаңалықтар іздеуге негізделген. Адамзат қоғамын алға дамытатын да жаңа идеялар. Демек, бұл жаңа жүйеге аяқ басқанымыздың көрінісі.
— Бұрын екінің бірі ғалымдардың жалақысының аздығын айтып, зар қақсайтын. Енді жаңа жүйеде олардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болатын түрі бар ма?
— Қазір дүние жүзінің кез келген елінде жақсы ғалым тәуір жалақы алады. Жаңа идеялардың ар жағында қашанда қомақты қаржы тұрады. Ғалым қай жерде не бар екенін өзі іздеуі керек. Өзінің жобаларын ұсынуы қажет. Ол жобаның құнды болуы шарт. Сонда ғана оған тиісті орындар қаржы бөледі. Сонда ғана оған грант береді. Жаңа жүйеде ғалымдар арасында бәсекелестік болады. Бәйгелер толып жатыр. Іздеу керек. Бақ сынап көрген жөн. Жаңа идеяларға барлық ел зәру. Дарынды, ғылымға берілген, жаңалық ашатын ғалымдарға жаңа жүйе өте пайдалы. Сондықтан олардың жалақысы, әрине, жоғары болады.
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұрттың бәрі Ресейге барып, ғылыми еңбек қорғап келуге ұмтылды. Қазір де сол үрдіс толастамай тұр. Сонда ол елде қорғау жеңіл болғаны ма? Сол ғалымдардың қорғаған тақырыптары біздің мүддеге сәйкес келе бермейді. Негізінен Ресейдің мүддесі қорғалып жатады... Бұл қашанғы жалғаса бермек?
— Бұрынғы кеңестік жүйеден бөлінген бес мемлекеттің арасында ғылыми дәреже мен ғылыми атақ беру жөнінде келісім-шарт жасалған. Осыған орай бұл жұмыс әлі де жалғасады. Ресейдің ғалымдар дайындау жүйесінде көптеген кемшіліктер бар екені рас. Оны өздері де айтып жатыр. Біз де білеміз. Сол себепті Ресейден кей сала бойынша қорғаған жұмыстарға, әсіресе, медицина, гуманитарлық бағыттағы, оның ішінде экономика, педагогика саласындағы еңбектерге көбіне-көп сын көзбен қараймыз. Өйткені ғылыми жұмыстардың қалай қорғалып жүргенін білеміз. Бұл жұмыстар Ресей Жоғары Аттестациялық Комиссиясының сарапшыларының сүзгісінен өтпейтін көрінеді. Осы мәселені ресейлік әріптестерімізбен кездескенде талқылап отырамыз. Біз оларға Қазақстан азаматтарының еңбектерін Ресей азаматтары секілді сараптаудан өткізуді ұсындық. Жалпы, олар шетел азаматтарының ғылыми жұмысын сараптаудан өткізбей, бірден бекітіп жібереді екен. Біздің ізденушілер докторлық диссертация қорғау үшін қаншама мақала жазады. Ал Ресейден қорғайтындарға аз ғана мақала жеткілікті. Бірақ шетелде қорғалған еңбектерді әр мемлекет өз тәртібімен қайта тіркеуден өткізеді. Біздің комитеттің төралқа мүшелерінің талқысына түседі. Бірқатар кемшіліктер сол жерде де айтылады.
— Бұрын белгілі бір ғылыми мекемелердің жанынан құрылған үйлестіру кеңестері қазір тарап кетті. Бұл кеңестер бекітілген тақырыптарды реттеп отыратын. Қазір ізденушілер бір-бірінің тақырыбын қайталап, дауласып қалып жатады. Осыған орай сол үйлестіру кеңестерінің қайта құрылуын қалайтындар да баршылық секілді...
— Бұл мәселені де біз талқыладық. Үйлестіру кеңестері енді қайтадан құрылмайды. Құрылса, бұрынғы жүйеге қайта оралу болып шығады. Ізденушілер біреуге тәуелді болады. Үйлестіру кеңесін иеленген мекеме жас ғалымдарды әуре-сарсаңға салады. Сондықтан оған қайта оралмаймыз. Қазір әрбір диссертациялық кеңес біздің тапсырмамыз бойынша өзінің веб-сайтын ашып жатыр. Сол арқылы әрбір кеңесте бекітілген тақырыптар жөнінде мәліметтер беріледі. Кез келген ізденуші өз саласына байланысты веб-сайттарды ашып, тиісті ақпаратпен таныса алады. Қай жұмыс қай жерде қорғауға дайындалып жатқанын біледі.
Бұрын ізденушілер ЖАК-қа тікелей хабарласа алмай, ғылыми жұмысының бекіген-бекімегенін біле алмай, қиналатын еді...
— Қазір ондай қиындық жоқ. Біздің комитеттің өзінің веб-сайты бар: www.educontrol.kz. Осы арқылы комитеттің жұмысы туралы, оның ішінде диссертация қорғау, оқу орындарын аккредитациялау, аттестаттау, лицензия беру мәселелері жөнінде мәліметтер беріп, тиісті құжаттарды ұсынып отырамыз. Әрбір төралқа мәжілісінің, комитет алқасының хаттамаларын, бекітілген диссертациялардың тізімін жариялаймыз. Бұл жұмыстарды жетілдіру арқылы электрондық үкімет жасақтауға үлес қосып отырмыз. Біздің саладағы ақпарат жұртшылыққа жедел жеткізіледі.
— Кейде тосындау тақырыптар бойынша ғылыми еңбек қорғалып жатады. Мәселен, шошқалардың аурулары, торайлардың ісіктері жөніндегі диссертациялар алдыңызға келеді ғой...
— Бұл енді ғылыми және диссертациялық кеңестердің шаруасы. Тақырып бекіткен кезде жан-жақты талқылап қарау керек. Біз ғылыми жұмыстың сапасын бағалаймыз. Жоғары деңгейде орындалған ғылыми еңбекті бекітпеуге құқымыз жоқ. Тақырыпты маңызды дей алмайсың. Экономикамызға шошқа да, торай да үлес қосады. Сондықтан бұл тақырыпты қорғауға ізденушінің құқы бар.
Диссертациялық кеңестердің жұмыс тәртібіне байланысты сын көп айтылады. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?
— Кемшіліктер бар екені рас. Диссертация кеңеске түскен кезде алғашқы талқылау болады. Көбіне сол талқылаудың құжаттарынан кемшіліктер табылады. Алғашқы сараптама формалды түрде өткізіледі. Сол себепті ғылыми еңбектің сапасы төмен болады. Кейбір кеңестер жөнінде параға байланысты әңгімелер де шығып жатады. Кейде ережеге сай келмейтін жұмыстар өтіп кетеді. Тәртіп бойынша докторлық қорғайтын ізденуші 30 ғылыми мақала жариялау керек. Оның 10-ы комитет тізімін бекіткен басылымдарда жарық көруі қажет. Бұл талап орындала бермейді. Бірқатар ізденушілер докторлық жұмыс жазу кезінде кандидаттығын қайталайды. Осының бәріне дисертациялық кеңестер жол бермеуі қажет. Талапқа сай болмағандықтан кейбір диссертациялық кеңестерді жауып тастайтын кезіміз де болады.
— Жоғары оқу орындарына лицензия беру кезінде қандай талаптар қойылады? Бұл талаптарды күшейтетін уақыт жеткен жоқ па?
— «Мемлекетті басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату туралы» заңға сәйкес қазір бірқатар оқу орындарының мәселесімен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Мысалы, бұрын орта кәсіптік білім беру оқу орындарына лицензия беру және оларды аттестациядан өткізу орталық мемлекеттік билік органдарының құзырында болса, қазір олар жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілді. Комитет тек қана жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру мекемелерін бағалайды.

    Қазақстан халқына арналған жолдауында мемлекет басшысы қаптап кеткен жоғары оқу орындарының санын азайту жөнінде тапсырма берді. Осыған орай лицензия беру кезінде жоғары оқу орындарына қоятын талаптарды күшейтіп отырмыз. Университетте қызмет істейтін ғалымдардың  кемінде қырық пайызы ғылым докторы мен кандидаты, доцент пен профессор болуы керек. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы талапқа сай болғаны жөн. Бұған сай келмейтін оқу орындары азаяды. Тоқсаныншы жылдары бірқатар аудан орталықтарында университет болды. Қазір олардың біразы жабылды. Бүгінде екі ауданда ғана жоғары оқу орны бар. Түркістанда және Жетісайда. Бұл оқу орындары Өзбекстандағы қазақ диаспорасының ғалымдарын тартып, оқытушылар құрамын толықтырып отыр. Елбасы тапсырмасына орай бүгінгі күні  бес жоғарғы оқу орнының лицензиясы кері қайтарылды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймыз.
— Бізде халықаралық деңгейде мойындалып жатқан ғылыми еңбектер бар ма? Егер болмаса, мұның себебі неде?
— Мынадай зерттеу жүргізіп көрдік. 2005 жылдың басында барлық диссертациялық кеңестердің жұмысын тоқтатып, жаңадан құрдық. Сол кезде диссертациялық кеңестердің мүшелері туралы мәлімет жинадық. Үш өзекті сауал бойынша ақпарат алдық. Біріншіден, кімнің ғылыми мақаласы қайда жарияланған? Оның ішінде дүние жүзіне белгілі шетелдің беделді басылымдарында жарық көрген бе? Екіншіден, ғалым баршаға белгілі, дәстүрі қалыптасқан халықаралық симпозиумдарға қатысқан ба? Үшіншіден, осы ғалымдардың мемлекет тарапынан алған немесе халықаралық гранттары бар ма, жоқ па? Осыған орай көптеген қызықты мәліметтер жинадық. Әсіресе, гуманитарлық саладағы ғалымдардың осы үш көрсеткіші де өте төмен болып шықты. Бірлі-жарым ғана адамдар сыннан өте алды. Ал кейбір салаларда жетістіктеріміз туралы айтып кеткен жөн. Мысалы, химия, физика, биология, математика салалары бойынша мойнымыз озық тұр.
    Халықаралық деңгейде айтылатын «дәйек алу дәрежесі» («индекс цитирования») деген ұғым бар. Американың ғылыми ақпараттар институты қай ғалымның еңбегінен қандай дәйектер алынғанын тіркеп отырады. Ол үшін ғалым дүние жүзіне белгілі басылымдарда ғылыми мақала жариялауы шарт. Сонда халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген мақалалардан басқалар бірден дәйек ала бастайды. Мықты мақаланы ғалымдардың бәрі оқиды. Соған сүйенетін болады. Біз сол халықаралық каталогқа енген басылымдардың тізімін қарап шықтық. Өкінішке орай Қазақстаннан «Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми еңбектері» деген бір-ақ журнал кіреді екен. Қазақстанда шығатын басқа басылымдарды шетелдіктер білмейді. Осының санын көбейтуге күш салып жатырмыз. Жоғары оқу орындары өздері шығаратын басылымдарды халықаралық деңгейде тарату мақсатын алға қоюы керек. Сонда ғана ол оқу орнының ғалымдарын әлем білетін болады. Біз де Қазақ ғылыми ақпараттық-техникалық институтының жанынан дәйек алу дәрежесін анықтайтын орталық құратын шығармыз.
— Елімізде ірі элиталық оқу орны ашылайын деп жатыр. Оның студенттеріне дәріс беретін маман ғалымдар қайдан келмек? Бұған еліміздің ғылыми әлеуеті жете ме?
— Қазір әлемнің барлық елінде жоғары оқу орындарына жаңа технологияны енгізу мәселесі алға қойылып отыр. Жаңа оқу орны да осындай мақсатпен ашылады. Бұл университет әлемдік жетекші жоғары оқу орындары филиалдарының базасы негізінде құрылады. Бірнеше құрылымдарды қамтиды. Шетелден шақырылған және өз еліміздің оқу орындарынан іріктелген білікті кадрлармен, жаңа технологиялармен қамтамасыз етіледі. Жетілген үлгідегі ғылыми лабораториялармен жабдықталады.
—  Қоғамдық бірлестікке айналған Ұлттық академияның қазіргі жағдайы туралы не айтасыз? Осындай күйде келешекте сайлау өткізуі мүмкін бе?
— Жалпы, реформа дұрыс жасалған. Ғылымды басқарудың өркениетті жүйесіне көшіп жатырмыз ғой. Әрине, академия керек, бірақ ол қазіргі талапқа сай болуы қажет. Бүкіл дүние жүзінде академия қоғамдық ұйым ретінде жұмыс жүргізеді. Оларға мемлекет тарапынан міндеттер жүктеледі. Біз де қазір ұлттық ғылымның даму жоспарын, даму стратегиясын, ұлттық есепті академияға міндеттеп отырмыз. Қалай дегенмен ғылымдағы алыптар шоғыры сонда ғой. Олар ғылыми жобаларды сапартамадан өткізеді. Алдағы уақытта академияның сайлауы болады деп ойлаймын.
- Ресейдің Жаратылыстану ғылым академиясының академигі болып сайланыпсыз. Капица атындағы медальмен марапатталыпсыз. Құтты болсын! Шенеуніктің сан салалы жұмысының арасынан ғылыммен айналысуға мүмкіндік таба алып жүрсіз бе?
Әрине, көп уақыт бола бермейді. Дегенмен үлгеріп жатырмыз. Менің негізгі айналысатын салам биофизика ғой. Оның ішінде тірі организдер жүйесіне ақпарат беру үрдісіндегі молекулалық механизмдерді зерттеймін. Осы сала бойынша бірнеше шәкірттер дайындадым. Әрине, ғылыммен бел шешіп айналысқанға не жетсін. Бірақ ғылымды мемлекеттік тұрғыдан ұйымдастыру саласына да ғылымды білетін жігіттер керек. Осы салада қызмет істеуге таңдалған екенбіз, бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз.

 

Әңгімелескен Бауыржан Омарұлы 

 

Айқын, 203 (655) 1 қараша, 2006 






Комитет туралы
Басшылар
Бюллетендер
Бұйрықтар
Бекітілген ізденушілер тізімі

Талқылау үшін!

PhD докторларын даярлау жөніндегі НҚҚ жобалары
2005-2007 © Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестатау комитеті
Сайттың материадарын қолдану кезінде www.educontrol.kz сайтына гиперссылкаға міндетті.